Менің педагогтік тұжырымдамам
/Эссе/
Мен бала кезімде ақын болуды армандайтынмын... Иә, иә, таңғалмаңыз. «Ақын» деген мамандық болмаса да, менің қиялымды арманға жетелеген сөз қуатының құдіретті күші екендігін кейін түсіндім. Поэзия өнерінің өн бойындағы ізгілік, адамдарға жақсылық жасауға деген құштарлық сезімі мені ұстаздық қызметке алып келді. Жоғарғы оқу орнының филология факультетін аяқтаған кезде, жас ұрпақтың бойына еккен тәрбие ұрығы ізгіліктің ең үлкені екендігін түсініп, ұстаздық жолды таңдадым. Содан бері менің әр күнім, әр сағатым бала бойына, санасына қазақ тілі мен әдебиеті пәні арқылы ұлттық құндылықтарды сіңірумен өтіп келеді.
Бұл ізгілік қасиеттерді мен ана тілімнің қасиетті қуаты арқылы Абайдың реализмінен, Ыбырайдың тәлім-тәрбиесінен, Шоқан мен Сұлтанмахмұттың ұлтжандылығынан, Сәкеннің сыршылдығынан, Бейімбеттің қарапайымдылығынан, Ілиястың дүлдүлдігінен, Мағжанның сұлу жырларынан, Ахметтің зерделілігінен, Жүсіпбектің қара сөзбен жазылған сұлу сөздерінен, Шәкәрімнің «мыс қосылмаған күміс өлеңдерінен», Мұхтардың ұлылығынан, Ғабиттің шеберлігінен, Мұқағалидың нәзік жырларынан т.т.таптым.
Бүгінгі күнгі «Зияткер ұлт-2020» бағдарламасын іске асыру аясында ашылған Назарбаев Зияткерлік мектептері менің бұл ісімнің жаңа арнаға бет алуына әкелді. Заман ағымына сай жабдықталған, материалдық техникалық базасы қуатты білім беру орындары кез келген ұстаздың ұстаздық мақсатының іске асуының кепілі деуге болады. Шәкіртпен қатар адымдап, заманмен таласа білім шыңына өрлеу де бір ғанибет емес пе?! Жас кезде сусындамаған білім құдығына бас қою ұстаздық өмірдің заман талабына сай сұранысына жауап бердің бір көзі деп білемін.
Міне, тағы да бір сабақ басталды. Шәкірттерімнің менен жақсылық күткен жәудір көздеріне үңіле қарап, біз алмаған білімнің тағы бір шыңына қиялай өрлеп келемін...